«КЕШЕ ҒАНА МЕН ДЕ ШӘКІРТ БОЛЫП ЕМ…» КЕЗДЕСУ КЕШІ

2016 жылдың 25 қарашасында ғылыми кітапханада ерекше кеш өткізілді. Университеттің 20-жылдығына орай ұйымдастырылған «Кеше ғана мен де шәкірт болып ем…» атты кездесу кешіне осы университетте әр жылдары оқыған, жемісті еңбек етіп келе жатқан оқытушылар шақырылды.

Ғылыми кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі ұйымдастырған шараның мақсаты  осы оқу ордасында білім алып, осы университет қабырғасында шәкірт тәрбиелеп жүрген, өз ісінің шеберлері, ұлағатты ұстаздарымыздың өмірлік жолын бүгінгі шәкірттерге үлгі ету.

Кеш қонақтары әлеуметтік және азаматтық даму жөніндегі департаменті директорының орынбасары Романенко Мина Эмануиловна, филология факультетінің оқытушысы Жапанова Маржан Еркінқызы, педагогика ғылымдарының кандидаты, ғылыми хатшы Нұрманова Жанна Қадырбайқызы, педагогика ғылымының кандидаты, доцент Түсіпова Гүлден Қабдырашқызы, шет тілдері кафедрасының аға оқытушысы Нұрбекова Гулизат Жақсылыққызы.

Шақырылған қонақтар өздерінің жастық шағын еске алып, ұмытылмас студенттік жылдарын толғана отырып әңгімелеп, естеліктерімен бөлісті.  Сол кездердегі кітаптың жетіспейтіндігін, бір тәулікте үш студент бір кітапты оқу керек екендігін баса айтып берді. Қазіргі уақытта студентерге барлық жағдай толық жасалғанын, кітапхананың кітап қоры барлық талаптарға сай екеніне тоқталды. Олардың әрқайсысы кітапхана сүйікті орындары болып қалатынын ерекше сезіммен жеткізіп, алғыстарын білдірді.  Дәл осы кітапханада олар сабаққа дайындалып, ой-өрістерін жан-жақты дамытып, болашақ филолог маман ретінде ғана емес, сонымен қатар кітапхананың белсенді оқырманы болды.

Кеш барысында оқырмандар мен ұстаздар арасында қызықты әңгімелер айтылып, сұрақтар қойылды. Студенттік өмірлеріңіздің  қызықты күндері қалай өтті деген сұраққа М.Э.Романенко «институтта барлығы қызық еді. Студенттік театр, қойылымдар, классиктердің шығармаларын ұжыммен оқу, жаңа кітап үшін кезек күту деген» сияқты естеліктерімен бөлісті. Ұстаздардың қызықты естеліктері, осы күнде жеткен жетістіктері оқырмандарға ерекше әсер қалдырды.

Шара барысында механика-математика факультетінің студентері  Шаяхметов Алмас, Құрманғалиева Айгүлдің орындауында күй тартылса, журналистика факультетінің студенті Сержанова Сайда мың бұралған биімен тәнтті етті, әлеуметтік ғылымдар факультетінің студенттері  Ақжол Төке, Бақытқызы Жанар «Ұстазым» әнін тарту етті.

Ұстаздардың ғылыми еңбектерінен көрме, слайд, буклеттер дайындалды. Кешіміздің кейіпкерлерімен жақын таныса түсу үшін, жетістіктерін студенттерге көрсетуде жеке мұрағаттарынан алынған суреттер бойынша  «Кеше ғана мен де шәкірт болып ем…»   атты фотовернисаж жасалды.