2017 жылдың 13 желтоқсанында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғылыми кітапханасында Садықова Раиса Төлеуқызының «Алаш бекзаты» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл еңбекте ХХ ғасырдың басындағы Семейлік әдеби ортаның әлеуметтік-саяси, әдеби-рухани үдерістегі идеялық көзқарастарының тарихи және әдеби негіздері қарастырылған. Ұлт зиялылары мен алаш арыстарының Семейлік әдеби ортада топтасуының қоғамдық-саяси, мәдени-рухани, әдеби-шығармашылық себеп-салдарлары талданған. Әсіресе Халел Ғаббасұлының қайраткерлік қызметі мен әдеби-көсемсөздік мұрасының халық тарихы мен ұлт әдебиетіндегі тағылымдық мән-маңызы айқындалып, қоғамдық-саяси қызметі нақты мұрағаттық деректер негізінде толықтырылып зерттелген. Жинақ жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттар мен мектеп мұғалімдеріне және әдебиет сүйер көпшілік оқырманға арналған.
Іс-шараға Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, кітап редакторы Дихан Қамзабекұлы, Халел Ғаббасұлының туысы Берікбол ақсақал, Ақселеу Сейдімбектің туған бауыры Асылхан Сейдімбек және университеттің ОПҚ, студенттері мен магистранттары қатысты. Презентация соңында «Алаш бекзаты» кітабы барлық қатысушыларға таратылып, ұжымдық фотосурет жасалды.