«ДІНТАНУ СӨЗДІГІ» БАСЫЛЫМДАРЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ

2017 жылы 27 желтоқсанда ғылыми кітапханада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, философия ғылымдарының докторы Байтенова Нағима Жаулыбайқызымен кездесу өтті.  Кездесудің қонағы – дінтану  саласындағы заманауи қазақстандық ғалымдардың бірі.  Кездесудің себебі – 2017 жылы «Қазақ университеті» баспасында жарияланған «Дінтану сөздігі» атты үш томдық басылымы.

Қазіргі уақытта дін қоғамдағы процестердің даму нәтижесі, қоғамдық өмірдің маңызды элементі болып табылатыны бәріне белгілі. Сондықтан дінмен байланысты мәселелерді шешуге, болашақтағы қауіп-қатерлердің алдын алу қазіргі заманның маңызды міндеті болып табылады. Бұл мәселелердің шешімі – зайырлы қоғамның қажеттіліктеріне жауап беретін ғылыми зерттеулердің тиімділігі. Сөздіктің құраушылары конфессияаралық келісім мен диалогты жетілдірудің жаңа жолдарын іздеу арқылы қазіргі әлемге қауіп төндіріп отырған діни төзімсіздік, діни экстремизм және терроризм сияқты мәселелерді шешуге болатынына сенімді. Қазақстан секілді нарықтық экономикаға негізделген, қоғамдық өмірдің барлық салаларын демократияландыру жолымен жүретін әлеуметтік, азаматтық қоғам құрушы мемлекеттерде дін мен діни құбылыстар өзгеріп тұрады. Идеологиялық саладағы өзгерістер, социо-мәдени және саяси дамудың жаңа жағдайларының қалыптасуы, ұлттық сана-сезімнің өсуі, рухани, ұлттық құндылықтардың артуы, еліміздегі дәстүрлі діни бірлестіктер ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты нығайтуға үлес қосуда. Діннің қоғамның рухани және әлеуметтік деңгейіне ықпалы артып келеді.

Дінтану бойынша қазақ тіліндегі сөздіктің жарыққа шығуы, бұндай мәселелерді шешуге оң әсерін тигізетін ғылыми нәтиже ретінде қарастыруға болады. Айта кететін жайт, бұл осындай түрдегі мемлекеттік тілде алғаш рет жарияланған басылым. Ұсынылып отырған сөздіктердің  «Ежелгі діни наным-сенімдер. Ұлттық діндер. Қазақ халқының дәстүрлі діни ұстанымдары» деп аталатын І томында жалпы дінтану пәні, діндердің қалыптасуының алғы шарттары, діннің құрамдас бөліктері туралы мәселелер, дін және діни үрдістер, дін философиясы, дін психологиясы, дін әлеуметтануы, дін феноменологиясы, дін антропологиясы, діни ілімдер, ежелгі діни наным-сенімдер, ұлттық діндер, соның ішінде қазақ халқының дәстүрлі діни ұстанымдары жан-жақты қарастырылады. «Әлемдік діндер» деп аталатын II том әлемдік діндер: буддизм, христиан және исламның тарихы мен діни ілімдеріне, әлемдік діндердегі діни наным-сенімдерінің ерекшеліктеріне, діни әдет-ғұрыптарына, салт-дәстүрлеріне, діни наным-сенімдерінің ерекшеліктерін айқындауға көмектесетін ұғымдар мен категорияларға ерекше назар аударылып, қазақ халқының дәстүрлі ислами ұстанымдары жан-жақты қарастырылған. «Хизб-ут-тахрир», «әл-Каида», «Талибан» секілді экстремистік бағыттағы діни ұйымдар идеологиялық күрес, идеологиялық төңкеріс, билікті өз қолдарына алу секілді шараларға негізделген. Ондай ұйымдардың қызметіне елімізде тыйым салынған. «Қазіргі заманның жаңа діни ұйымдары. Исламистік ағымдар» деп аталатын үшінші том дін саласындағы мемлекеттік қызметкерлер, зерттеуші ғалымдар, оқушы студенттердің діни көзқарастарының ағартушылық зерттеулеріне ең пайдалы болатын сөздік.

Басылымдардың авторлары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ОПҚ-сы болып табылады: Байтенова Н.Ж., Құрманалиева А.Д., Рысбекова Ш.С., Бейсенов Б.Қ., Борбасова Қ.М., Затов Қ.А., Демеуова А.А., Абжалов С.Ө., Мейірбаев Б.Б., Туғанбаев Қ.Т., Мұхитдинов Р.С.

Кездесуге қатысушылар – ЕҰУ-дың әлеуметтік ғылымдар факультетінің дінтану кафедрасының профессорлары өз кезегінде жаңа басылымның өзектілігін және оқу үдерісіне қажеттілігін атап өттті. Кездесу соңы авторға қойылған сұрақтарға жауаптармен және ұжымдық фотосуреттермен аяқталды.