Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫНДА «ӘДЕБИЕТ – АРДЫҢ ІСІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ЖАС АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУ

2018 жылдың 20 қыркүйегінде ЕҰУ ғылыми кітапханасында «Әдебиет – ардың ісі» тақырыбында жас ақын-жазушылармен кездесу болып өтті. Кездесуге «Авангард» әдеби қозғалысының мүшелері Дина Ораз, Әлімжан Ахметов, Жанна Бектемисова, Асқар Қалмұхамет, университетіміздегі «Алқа» әдеби-сазды клубының мүшелері мен проза мен поэзияға қалам тербеп жүрген жастар қатысты.
Кездесуді ақын, «Посмотри в небеса», «Голос мой» жыр жинақтарының авторы Асқар Қалмұхамет ашып, өзінің әдебиетке келу жолын баяндап, өлеңдерін оқыды. Жастардың жанр мен жыр музасы жайлы сұрақтарына жауап берді. Бұдан соң сөз алған Жанна Бектемисова өз өлеңдерін алғаш рет жүрексіне жүріп фейсбукте жариялағанын айтып, жас қаламгерлер үшін әлеуметтік желілерде жарияланудың пайдасына тоқталды. Студенттердің авторлық құқық алу мен кітап шығару жолдары жайлы сауалдарына жауап берді.
Ақын Дина Ораз өз шығармашылығы жайлы айта келіп, қазіргі қазақ балалар әдебиетінің түрлі мәселелерін көтерді. Жиналғандарды «Авангард» әдеби қозғалысы атты видеороликпен таныстырды. «Мен уақытша» атты жыр жинағының авторы Әлімжан Ахметов өз өмір жолы, әдебиетке келуі жайлы баяндап, жыр жазудың қиындықтарына тоқталды. Жиналған жас қауымға: ең бастысы сапалы жыр жазу, оны шығару мен авторлық құқық — екінші мәселе, — деген ой тастады.
Жастар арасынан Әли Бекмұханбетов, Әсем Арыстанбаева, Рамазан Есмағамбетовтер өз өлеңдерін оқып, жиналғандардың қошеметіне бөленсе, өзін Айжан Нұржанқызы деп таныстырған студент сиясы кеппеген жаңа жыр кітаптарына қолтаңба алды. Әдеби кеш жиналғандардың ақын аға-апаларына зор алғыс айтуымен аяқталды.