ТАНЫМАЛ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЖЕКЕ КОЛЛЕКЦИЯЛАРЫНАН «ХАТТАР СЫР ШЕРТЕДІ» КӨРМЕСІ

Ғылыми кітапханада «Хаттар сыр шертеді» тақырыбында ерекше көрме ұйымдастырылды. Көрмеге келушілер жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің жеке хат-хабарларымен таныса алады. Хаттар ғылыми кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан алынған.
Көрме Ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, атақты академик Әлкей Марғұланға Б.Момышұлының, К. Ақышевтің және де басқа да белгілі тұлғалардың жолдаған хаттарымен басталады.
Көрменің келесі сөрелері – қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушыларының бірі С.Бегалиннің өткен ғасырдың 40-50 жылдарындағы замандастарына «Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет баспасының директоры Еркешов жолдасқа!», «Қадірлі ақсақал Омарға!», «Қадырлы туысқан Садыққа!» жазған хаттарын, Сарысу ауданының ауылдық партия комитетінің хатшысы Н.Жоламановтың, Абай ауданының азаматы Мұрат Тоқтаровтың С. Бегалинге жазған хаттарын ұсынады.
Әдебиет зерттеушісі, академик Мұхаметжан Қаратаевтың хаттарын оқып, КСРО жазушылар одағының және «Литературное обозрение» журналының өкілдеріне арнап жазған хаттарынан қазақ әдебиетінің даму үрдістерін байқауға, жазушы еңбегінің қиын тұстары туралы білуге болады.

Эпистолярлық мұраның көрмесі жазушы, сыншы Тұрсынбек Кәкішевке арналған хаттармен жалғасады. Ғалым-фольклортанушы Оразгүл Нұрмағамбетоваға Мұхтар Әуезовтің 1958 жылы 20-ақпанда Мәскеу қаласынан жолдаған хаты ерекше қызығушылық танытады.

Көрмеге қойылған хаттар қолмен жазылған, машинкада терілген, қазақ (араб және кириллица әліпбиінде), орыс және басқа да тілдерінде кездеседі. Хаттардың жанында сарғайған пошта конверттері қойылған.

Танымал ғалымдардың жазбаша мұрасы «Хаттар сыр шертеді» көрмесімен желтоқсан айының соңына дейін таныса аласыздар.