«ӨРКЕНИЕТТІ БОЛАШАҚ ЖАСТАР ҚОЛЫНДА» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ

27 ақпанда ғылыми кітапхананың әмбебап әдебиеттер оқу залында  «2019 жыл – Жастар жылы» аясында «Өркениетті болашақ жастар қолында» айдарымен шетелде оқыған магистранттармен дөңгелек үстел өтті. Қазақ елінің  жарқын  болашағы, бойында патриоттық сезімі алаулап жанып тұрған, өз отанынын сүйетін  жастардын қолында.  Бүгінде кез келген адам шетелде тағылымдамадан өтіп, қысқа-ұзақ мерзімді білім алып, жұмыс істей алады. Осы мақсатта университетіміздің   шетелге барып өздерінің ғылыми тағылымдамаларын жетілдіріп келген бір топ магистранттарымызды мақтанышпен айта аламыз. Олар механика-математика факультетінің магистранттары Милано-Бикокка университетінде оқыған Қалмұратов Рахымжан Алдамжарұлы, Люблин университетінде оқыған Токчараева Асел Бейсенқызы және Мерсин университетінде оқыған Арыстанғалиқызы Ақмарал шетелде көрген қоғамдық өмірдің ерекшеліктерін ортаға салды. Магистранттар батыстағы университеттердің білім беру үрдісі мен білім алушылардың менталитетінің өзгешеліктерімен бөлісті. Одан басқа батыстағы кітапханалардың ерекшеліктерін, мысалы оқу залдары мен интернет залдардың бөлек орналасуы, кешке дейін кітапханада оқитын оқырмандарды тамақтандыру секілді ерекшеліктерімен қатысушылармен бөлісті. Іс шара барысында Құрманғазының «Адай» күйі ойналып, қазақтың қайсар ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңін филология факультеті 1 курс студенті Бекмұханбетов Али мәнерлеп оқып берді.

Қазіргі таңда Қазақстан – өркениетті, дамыған елдер қатарына енген мемлекет. Тәуелсіздік жастарға жарқын болашаққа жол ашып берді. Осы мемлекетті одан да биіктен көрсету – білімді жастардың қолында. Дөңгелек үстелге қатысушыларға қойылған викториналық сұрақтарға жастарымыз қоғаммен байланыстыра отырып аса қызығушылықпен жарыс сөзге шығып, жауап берді.