Ағымдағы жылдың 8 сәуірі мен 15 сәуірі аралығында ғылыми кітапхана Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ оқу ғимараттарында «Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғылыми кітапханасының білім беру ресурстары: контент және тағы басқа…» атты Факультеттегі кітапхана күндерін өткізді. Университет қауымдастығының білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарына көмектесу мақсатында кітапхананың ресурстары мен қызметтерімен таныстырылды. Бағдарламаға оқу пәндері бойынша жаңадан түскен электронды ресурстардың таныстырылымы (оқулықтар, оқу құралдары, монографиялар, журналдар) енгізілді. Әсіресе оқытушылардың ақпараттық құзыреттілігін арттыруға ерекше назар аударылды. Оларға «Цифрлық контент», «ЭКЖ-де өз еңбектерін жариялау және насихаттау», «Оқытушының/білім алушының жеке кабинетінде жұмыс жасау», «Ғалымның ғылыми-ақпараттық ортада танылуы», «Арнайы білім беру қажеттіліктері бар адамдар үшін ЭКЖ мүмкіндіктері» секілді тақырыптар бойынша жеке тренингтер өткізіліп, кеңестер берілді. Оқытушылардың көпшілігі қолжетімді дерекқорларды өз қызметінде белсенді пайдаланып, студенттермен тәжірибемен бөлісетінін атап өткен жөн. Іс-шараға қатысушылар ғылыми мақалаларды жариялауға арналған журналды таңдау мүмкіндіктерімен, Ресейлік «Znanium.com» және «IPR books» ЭКЖ және Қазақстандық «Эпиграф» деректер қорында ғылыми мақалалар жариялау тәртібімен танысты. Университеттің барлық оқу ғимараттарында өткен бұл шараға көптеген оқытушылар, докторанттар, магистранттар, студенттер мен ғылыми зерттеушілер қатысты. Олардың ішінде филология, экономика және сәулет-құрылыс факультеттерінің білім алушылары белсенділік танытты.