ТАРИХШЫ-ҒАЛЫМ, ТҮРКІТАНУШЫ ҚОЙШЫҒАРА САЛҒАРАҰЛЫНЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КЕЗДЕСУ

Ағымдағы жылдың 16 сәуірінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында «Жер-жаһанда арғы атаңның ізі бар» атты жазушы, тарихшы-ғалым Қойшығара Салғараұлымен кездесу кеші өтті. Қаламгердің 80 жылдығына арналған кешті Тарих факультетінің деканы, профессор Т.Садықов басқарды. Аталған кешке Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қ.Сақ, университет ғалымдары — А.Шәріп, М.Алпысбес, М.Шыңдалиева, Н.Шаймерденова, М.Амалбекова және  магистранттар мен студенттер қатысты.

Кездесуді Т.Садықов қаламгер өмірі мен шығармашылығына арналған шағын шолудан бастады. Іс-шараның мақсаты — жас талап студенттерді, тарихшыларды ғалым еңбектерімен жақынырақ таныстыру екендігін айтты. Бұдан әрі сөз алған Қ.Салғараұлы жиналғандарға өзінің тарих саласына келу жолын әңгімелеп, түркілер тарихының арғы бастауы жайлы терең сөз қозғады. «Еуропаны, Египетті, жер жүзінің қай бұрышын алсаң да түркілер тарихы сайрап жатыр. Түркілердің адамзат пайда болғаннан бері жасап келе жатқандығы ақиқат. Түрлі деректер мен көне ескерткіштер жазуларын зерттей жүріп осыған көзім жетті. Сондықтан да барша адамзат бір-бірімізге дос, бауыр ретінде қарауымыз керек» — деп ой тұжырымдады. Университет ғалымдары Қ.Салғараұлы еңбектерінің құндылығын мойындап, оның шынайы бағасын беру — тарихшылар үшін болашақтағы зор міндеттердің бірі екендігін баса айтты.

Іс-шараға арналып қаламгер шығармашылығын толық қамтыған «Ұлт руханиятының жанашыры» атты кітап көрмесі қойылды. Кездесу соңында студенттер ғалымға өздерін толғандырған тарих мәселелері бойынша сауалдарын қойып, іс-шара автор кітаптарына қолтаңба алумен аяқталды.