2019 жылдың 17 сәуірінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында «Оқытушы еңбегі — оқырманға ой салса» жобасы аясында, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мақсат Алпысбесұлының «Қазақ шежіресі» атты тарихнамалық-деректанулық зерттеу кітабының тұсаукесері өтті. Автор шығармашылығымен жақынырақ танысу, «Қазақ шежіресі» атты тарихнамалық-деректанулық зерттеу кітабының тұсауын кесіп, шығармасын талдап-талқылау мақсатында өткізіліп отырған іс-шараны ғылыми кітапхана директоры Б.Ә.Оразалиев ашып берді. Кеш барысында Мақсат Алпысбесұлы, кітаптың негізгі мәселесі — шежіре тарихнамасы мен деректері, халықтың шығу тегі, рулардың қалыптасу тарихы, қазақ шежіресі тарихының арғы бастауы жайлы терең сөз қозғап, мәліметтер берді. Бұдан әрі Мақсат Алпысбесұлының ғылыми жетекшісі, ғалым, тарих ғылымының докторы Ж.О.Артықбаев кітаптың теориялық және методологиялық негізіне тоқталды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор С.М.Сыздықов революцияға дейінгі авторлардың шығармаларындағы шежіренің мәні, ескі сөзі мен тарихи жырлары – қазақ қауымының рухани өмірі мен тұрмыс-тіршілігі туралы маңызды дерек көзі екендігін айтты. Тарих факультетінің студенті Ж.Рысмағамбетов осы кітапқа қызығушылық танытып, болашақ тарихшы ретінде кейінірек кітаптың материалдарын өз ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін пайдаланатынын айтты.
Іс-шараға арналып ұйымдастырылған «Қазақ шежіресі» атты кітап көрмесі қатысушылар назарына ұсынылды. Шара соңында автор оқырмандарға кітабын қолтаңбасымен тарту етті.