18 сәуір күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында «Кітап – білім бұлағы» атты кітап апталығы аясында ғалым-лингвист, ономастиканың негізін қалаушы Айтым Әбдірахмановтың кітаптары мен қолжазбаларын салтанатты түрде кітапхана қорына тапсыру рәсімі өтті. Сыйға берілген 128 басылым тіл білімі саласына қатысты, оның ішінде: қазақ тілінде – 20, орыс тілінде – 78, шет тілінде – 15 аталымдары мен 15 папка қолжазбалары бар.Іс-шара барысында филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Жақыпов Жантас Алтайұлы ғалым А. Әбдірахманов ғылыми мұрасымен, ол туралы естеліктермен бөлісті.
Тапсыру рәсіміне ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Таймағамбетов Жәкен Қожахметұлы, публицист-жазушы Нақыпбек Сәдуақасов, тарих ғылымдарының кандидаты, әлихантанушы Аққұлы Сұлтан Хан, сонымен қатар оқырмандар мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Іс-шара барысында «Қазақ лингвист ғалымы Айтым Әбдірахмановтың ғылыми мұрасы» таныстырылымы көрсетілді.