2019 жылдың 19 сәуірінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы-ғалым Жолдасбек Мамбетовтың «Зейнолла Сәніктің шығармашылық мұрасы» және «Жаңғырған жылдар» кітаптарының тұсаукесері өтті. Автор шығармашылығымен таныстыру мақсатында өткізіліп отырған іс-шараны филология ғылымдарының кандидаты, доцент Дүйсенғазы Серікзат Мақсұтұлы жүргізді.
Зейнолла Сәнік – ұлтымыздың тарихи тұлғаларын әдеби және тарихи бағыттағы шығармалары арқылы насихаттаған қаламгер. Қиын кезеңдегі қилы тағдырын, әлеуметтік және мәдени өмірін жан-жақты сипаттап, халықтық этнографиясының қалпын бұзбай зерттеп-зерделеген жазушы-этнограф.
Автордың руханият жанашырларының, жас ізденушілердің қызығушылығын тудырған шығармалары ғылыми тұрғыдан талдау жасалып, зерттеу нысанына айналып үлгерді. Зерделі қаламгердің шығармашылық мұрасы мен парасатты болмысы жан-жақты қамтылған қос кітап талғампаз оқырманға жол тартпақ. «Зейнолла Сәніктің шығармашылық мұрасы» атты монографияда автор белгілі қаламгер, этнограф Зейнолла Сәніктің шығармашылық мұрасын ғылыми-теориялық жүйеде жан-жақты талдап, жаңаша көзқараспен бағаланады. Ал Сержан Тоқтасынұлы мен Жолдасбек Мамбетовтың бірге жазған «Мәңгілік жол» естелік кітабында қаламгердің өмірі, өскен ортасы, шығармашылығы мен тұлғалық қасиеті жайлы замандас-әріптестері, зерттеушілер мен туған-туыс, отбасы мүшелерінің қызықты әңгіме-естеліктері топтастырылған.
Қазақ руханиятына қосылатын қос кітаптың таныстырылымына профессор Серік Негимов, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай, тарихшылар, зерттеушілер және студенттер қатысты.