ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ЖАНАШЫРЫ

17 мамыр күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті қоғам қайраткері, түркітанушы, профессор Қойшығара Салғараұлының 80 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы Дала өркениеті: тарих, тұлға, тағылым» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Конференция аясында ғылыми кітапхана «Ұлт руханиятының жанашыры» тақырыбында ғалымның ғылыми еңбектерінен кітап көрмесін ұйымдастырды.

Көрмеге Қойшығара Салғараның түркітану саласындағы көпшілікке танымал ғылыми еңбектері қойылды. Тарихи тақырыпқа жазылған «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар» атты роман-эсселері жанр ерекшелігімен, танымдық мазмұнымен көпшілік назарын аударды. Әлемге әйгілі Түрік қағанатын құрған түріктер тарихына арналған «Ортағасырлық түріктер» кітабы, соңғы шыққан «Ежелгі қыпшақтар», «Ұйқасқа түскен ойлар», араб тіліне аударылған «Қазақтар» мен  түрік тіліндегі «Жер-жаһанда арғыатаңның ізі бар» еңбектері де көрмеден орын алды. Аталған еңбектер түркология саласына, оның ішінде Қазақстанда тарих ғылымына қосылған елеулі еңбек екендігі сөзсіз.