Ағымдағы жылдың 15-қазан күні ғылыми кітапханада онлайн форматта «Рухани жанғыру» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шығарылған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасынан «Қазақ тіліндегі оқулықты оқимын» тақырыбында эссе байқауының қорытындысы шығарылды. Байқауға филология факультетінің және әлеуметтік ғылымдар факультетінің студенттері, магистранттары, докторанттары қатысты. Конкурсқа қатысушылар әлеуметтану, лингвистика, психология, әлеуметтану бойынша үздік әлемдік оқулықтармен танысумен қатар, сондай-ақ гуманитарлық ғылымдар саласындағы кәсіби ой-өрісін арттырды. Байқаудың шарттары мен талаптарына сәйкес жазылған жұмыстар комиссия сараптауына іріктелді. «Әлемдегі – әлеуметтік психология», «Жарасымдылық», «Әлеуметтік психологияның адам өміріндегі маңызы» «Көпке ұмытылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» атты эссе байқауының авторлары қазіргі қоғамның өзекті мәселелеріне тоқталды. Ұсынылған байқау эсселерін педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ.Қ. Шалғынбаева және филология факультеті практикалық тіл кафедрасының аға оқытушысы С.Р. Тойбекова бағасын берді. Соның ішінде, Қадиша Қадырқызы Дэвид Г.Майерс пен Жана М.Туенждің Туенжа «Әлеуметтік психология» оқулығының ғылыми редакторы екенін атап кеткен жөн. Беделді қазылар алқасының пікірінше, барлық жұмыстар өте мазмұнды жазылып, оқылғаны туралы өз пікірі мен әсерін көрсете білді. Әлеуметтік ғылымдар факультетінің 3 курс докторанты Қазиев Қарас (1 орын), филология факультетінің 1 курс магистранты Нұрдәулет Жігер (2 орын), әлеуметтік ғылымдар факультетінің 3 курс студенті Дайрабай Нұрайым (3 орын)жүлделі орындарға ие болды. Байқау жеңімпаздарын Абайдың «Қара сөздері» кітабы мен дипломдармен марапатталды. Іс-шара соңында ғылыми кітапхана барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, оларға алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті. Шығармашылық байқаудың жеңімпаздарын объективті және бейтарап анықтаған сараптама комиссиясының мүшелеріне жеке алғыс сөздер айтылды.