Ағымдағы жылдың 26 қараша күні ғылыми кітапхананың инклюзивті ақпараттық ресурстар орталығының ұйымдастыруымен «Шекарасыз спорт» жобасының ұйымдастырушыларының бірі, мотиватор, зағип спортшы Кенжеғұл Сейітжанмен онлайн кездесу өтті. Бұл іс-шараның мақсаты – арнайы қажеттілікті талап ететін студенттерге қолжетімді ортаның бір бөлшегі болуына және спорт арқылы көптеген қиыншылықтарды жеңіп, биік белестерді бағындыруға болатынын дәріптеу болып табылады.
Кездесу барысында Кенжеғұл Социалұлы өзінің өмірбаянымен таныстыра отырып, отбасы, оқу мен спорт жайында, ешқандай кедергілерге қарамастан жеткен жетістіктері жөнінде және қазіргі таңда атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Сонымен қатар, басынан өткен қызықты жайттармен, зағип жанның шет тілдерін меңгерудегі әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, өзі оқып ұнатқан кітаптар мен авторларды атап өтіп, тыңдарман-қатысушылардың оқуына кеңес берді.
Кенжеғұл Сейітжан – отбасындағы ең кенжесі және жиырмасыншы бала болып табылады. Мектепті қызыл аттестатпен, университетті қызыл дипломмен бітіріп, ары қарай білімін АҚШ пен Англияда жетілдірген. Өзі тап болған қиындықтарға қарамастан, ешбір қажымай, үнемі тек алға қарай беттеп ұмтылып келеді. Лингвистика саласына ерекше ден қойған, соның бір жеңісі ретінде ағылшын, неміс, жапон сияқты бірнеше шет тілдерін еркін меңгерген. Әуесқой спорт саласынан да үлкен хабары бар. Түрлі жарыстар мен чемпионаттарға, марафондарға қатысып, салауатты өмір салтын ұстанып, айналысындағы жүрген адамдарға да насихаттап, мотивация беріп жүреді.
Спикер қонағымыз Кенжеғұл Социалұлы: «Мүмкіндігі шектеулі жан жоқ, ал өмір сүруге құштар жанға еш шектеу жоқ. Сондықтан өмірге еш ренішпен қарамай, керісінше әлемге жымиып, өзінің арман-мақсаттарының орындалуына бар күш-жігеріңді жұмсап талпынсаң, барлығы орындалады және жақсылыққа қарай өзгереді» деген сөздермен қорытындылады.
Кездесу соңында ғылыми кітапхана директорының орынбасары Жанар Бекайдарқызы үлкен алғысын білдірді. Онлайн кездесудің қатысушалары риза болып, осындай кездесулердің жиі өткізілуіне ұсыныстар айтылды.