Ағымдағы жылдың 11 желтоқсан күні ғылыми кітапханада 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының төл мерекесі Тәуелсіздік күніне орай Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен әдеби ортада және жалпы қоғамда белгілі тілші, журналист, ақын, жазушы Мұнайдар Балмолдамен «Бөріде не арман бар» атты онлайн-кездесу өтті.
Кездесудің мақсаты – оқырмандарды ақын-жазушының өмірбаяны мен шығармашылығымен таныстыру.
Кездесу барысында Мұнайдар Балмолда өзінің басынан өткен 1991 жылы Орал оқиғаларының мүшесі болғандығын әңгімелеп берді. Жазушының көптеген шығармалары қазағымыздың қадыр тұтатын жыртқыш аңдардың бірі – қасқырларға арналған. Сол шығармаларының ішінде қасқырлар туралы жазылған «Абадан», «Көкбөрі», «Жалқара» атты еңбектерін атап кетуге болады. Оның қасқырға деген қызығушылығы 6 жасынан бастау алған. Сонымен қатар, Мұнайдар Балмолданың «Қыран қанатындағы күй», «Ақ тұлпар», «Анамның жаққан ошағы» атты тамаша еңбектері бар. Жазушы тек әдеби еңбектерді жарыққа шығарып қана қоймай, сондай-ақ лирика жанрындағы көптеген әндерге сөзін жазады. Соның ішінде, қазақ эстрадасының әлемге танымал жарық жұлдызы Димаш Құдайбергеновтың репертуарындағы Айгуль Бажанованың «Махаббат бер маған, тағдыр» әніне сөзін жазып, көптеген тыңдармандардың жүрегінен орын алып жүр. Бұның бір жетістігі ретінде осы қазақ тіліндегі әннің әлемнің түкпір-түкпірінде шетел халықтарының орындауында шырқап жүруін атап кетуге болады. Қорытындылай келгенде, Мұнайдар Балмолда жұртшылыққа өлкеміздің арғы-бергі тарихы мен салт-дәстүрінен, өнері мен мәдениетінен сыр шертіп, таным көкжиегін көтеруге мейлінше үлес қосты.
Кездесу соңында жазушы қатысушы-оқырмандар тарапынан қойылған көптеген сұрақтарына жауап беріп, өзінің шығармашылығынан махаббат тақырыбындағы жазылған өлең шумақтарын арнады.