Ағымдағы жылдың 14 желтоқсанында Ғылыми кітапханада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік-тұғырым» атты әдеби баттл өтті. Оқырмандардың әдеби білімдерінің деңгейін айқындау, көркем әдебиетке деген құлшыныстарын ояту мақсатында өткізілген бұл шараға филология факультетінің студенттері («Падиша» командасы) мен дайындық бөлімінің тыңдаушылары («Алау»командасы) атсалысты.
«Тәуелсіздік ұланымын» атты алғашқы сұрақ-жауап сайысында оқырмандар тәуелсіздік тарихына, мемлекеттік рәміздерге тоқталып, желтоқсан құрбандарын еске алды. Еліміз үшін елеулі мерекенің құндылығына тоқталып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
«Үзіндіні оқып, кітапты тап!» атты әдеби ойында қатысушылар қазақ классиктерінің шығармаларынан алынған үзінділерді тыңдай отырып, шығарма авторы мен атауын тапты. Ондағы көтерілген басты тақырып пен кейіпкерлерге сипаттама беріп, бірін-бірі жарыса толықтырды. Сайыс соңында С.Нэргүй тәуелсіздікке арналған өзінің жүрекжарды жырын оқыса, Н.Ракимбекова Қ.Сариннің «Тәуелсіздік» атты өлеңін оқыды. «Алау» тобы: Біз шет елден келген қандастар едік. Бізге бәрінен де ата жұртымыздың тәуелсіздігі қымбат. Өзге елден келгенде құшақ жайып қарсы алар тәуелсіз Отанымыздың барына қуанамыз десті.
Іс-шара соңында кітапхана директорының орынбасары Ж.Бекайдарқызы сайыс нәтижесі бойынша алға шыққан «Падиша» командасын жеңісімен құттықтап, іс-шараға атсалысқан барлық білімді, өнерлі жастарға зор алғысын білдірді.