12 сәуір – «Ғылым қызметкерлері» күніне орай ЕҰУ-нің филология ғылымдарының кандидаты, қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, бірнеше монографиялар мен оқу құралдардың және көптеген ғылыми мақалалардың авторы Қорғанбеков Болат Сағынбекұлының «Мұхтар Әуезов – эпостанушы» атты дәрісі ұйымдастырылды.
Профессор Болат Сағынбекұлы дәріс барысында эпостық жырлардың халықтың ауыздан-ауызға таралу ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды. Эпостық жырлардағы батырлар арқылы болашақ ұрпақты патриотизмге, руханиятқа, адамның рухын ояту, ерлікке жігерлендіру, елжандылыққа тәрбиелеп отырғандығын атап өтті. 1991 жылы «Ана тілі» баспасынан шыққан М. Әуезовтің «Әдебиет тарихы» еңбегінің жазылу тарихына шолу жасай келе М.Әуезовтің эпостану тақырыбындағы еңбектері айырықша өлмейтін құнды дүниелер болып табылатынына тоқталды. Дәріс соңында оқырмандар тақырыпқа байланысты сұрақтар қойып, тыңдаушылардың қызығушылығын тудырған сұрақтарға жауаптар берілді. Келген оқырмандар «Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы» атты кітап көрмесімен танысты. Көрмеге сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы М. Әуезовтің 1947-1960 жылдары жарық көрген «Абай жолы» романы және тағы да басқа кітаптары, Мұхтар Әуезов туралы көптеген ғылыми-зерттеу еңбектер қойылды.