24 қараша күні жазушы, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдығына орай «Ақселеу Сейдімбек – қазақтың күй өнерін зерттеуші» атты кеш өтті.
Шараның басты мақсаты — Ақселеу Сейдімбектің артында қалған өлшеусіз мұраларын дәріптеу қазақ тарихына, шежіресіне, мәдениетіне қатысты жиған-терген еңбектерін ұрпаққа жеткізу.
Кешті ақын, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы Иманғазы Нұрахметұлы жүргізді.
Іс-шараға университеттің білім алушыларымен қатар, ЕҰУ профессорлары Ақселеу Сланұлымен бірге жүріп қызметтес болған ғалымдар қатысты. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, түркітанушы Қойшығара Салғараұлы, абайтанушы, алаштанушы, жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай, көптеген жылдар университеттің Кәсіподақ ұйымының төрағалық қызметін атқарған, ардагер Талғат Жанайдаров, зерттеуші Үржамал Әлменбетова және кітапхана қызметкерлері қатысты. Ақселеу Сейдімбек – қазақ әдебиеті мен өнерін, мәдениеті мен руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосып, төл тарихымызға жарқын қолтаңбасын қалдырған қаламгер, деп бастады өз сөзін түркітанушы ғалым Қ.Салғараұлы. Қазақ күй аңыздарын зерттеп, этнография саласына, соның ішіндегі қазақты тану, ұлттық руханиятты білу әлемін терең зерттеп, ұлт руханиятына мол мұра қалдырды, дейді алаштанушы Т.Жұртбай. Және ғалыммен бірге қызмет атқарған күндерінен естеліктер айтып, Ақселеу Сейдімбекті әлі күнге дейін сағынатынын еске алды.
Шара барысында Қазақ ұлттық Өнер университетінің аға оқытушысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, күйші Айтбаев Қайрат Хамитұлы Тәттімбеттің «Саржайлау» күйін, Журналистика және саясаттану факультеті, телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының оқытушысы Мұтәрбек Ардақ «Өмір толғауы» атты күй тартып, А. Сейдімбектің «Сарыарқа» әнін Ұлттық Өнер университетінің студенті бірнеше республикалық конкурстардың лауреаты Мұқашев Таңат орындап, тыңдаушыларды тәнті етті.
Сонымен қатар, іс-шарада А. Сейдімбектің күй өнеріне арналған еңбектері мен қолжазбаларынан, жинаған күй табақтарынан көрме қойылып, ғалымның шығармашылығы мен еңбектеріне арналған «Ұлт руханиятының жанашыры», «Жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбек оқу залындағы фото-шежіре» атты бейнероликтер ұсынылды. Соңында жиналғандар естелік суреттерге түсті.