«ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ЖАНАШЫРЫ – АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК» А. Сейдімбектің атындағы оқу залы

Сейдімбек Ақселеу Сланұлы – қазақ әдебиетіне, мәдениетіне, журналистика саласына үлкен үлес қосқан, этно-мәдени тақырыптарды, қазақ әдебиетіндегі қара өлең, күй шежірелері мен қазақ тарихына қатысты еңбектерін ғылыми тұрғыда терең зерттеген көрнекті тұлғалардың бірі.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сланұлы Сейдімбек – 1942 жылы 12 желтоқсанда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданына қарасты Атасу ауылында дүниеге келген. 1968 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген.

Ақселеу Сланұлы университетті бітірген соң, 1968-1987 жылдар аралығында областық және республикалық баспасөз орындарында әдеби қызметкер және меншікті тілші «Лениншіл жас» («Жас алаш»), «Орталық Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан»), «Білім және еңбек» («Зерде») т.б. газет-журналдарда, 1987-1997 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1997-1999 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Білім проблемалары институтының директоры, 1999-2000 жылдары ҚР Президенттік Мәдени орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары болып, ал 2000 жылдан бастап өмірінің соңына (2009 жылы 18 қыркүйек) дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор қызметін атқарды.

Жазушының ұлттық әдебиет пен мәдениет, өнер туралы «Кенші: Қарағанды облысы туралы кітап» (1979), «Күңгір-күңгір күмбездер» (1981), «Серпер: очерктер және деректі әңгімелер» (1982), «Мың бір маржан» (1989), «Қазақтың әйгілі күйшілері» (1992), «Күй шежіре» (1-2 кітап, 1992, 1997), «Көшпелілер тарихы» (1995), «Қазақ әлемі» (1997), «Ойтолғақ: жарияланбайтын жазбалар» (1997), «Қазақтың күй өнері» (2002), «Қазақтың ауызша тарихы» (2008), көркем шығармаларынан «Ақиық» (1972), «Қыр хикаялары» (1977), «Сонар: деректі әңгімелер» (1989), «Аққыз» (1991), шежіре туралы «Балталы, бағаналы ел аман бол» (1993), орыс тіліндегі «Поющие купола» (1985), «Всадник на белом коне» (1987), «Мир казахов» (2001) т.б. еңбектері өзі барында жарық көрді.

Ғалым әлем әдебиетінің туындысы Гомердің «Илиада», «Одиссея» эпикалық поэмаларын (1974), И. Можейконың «Әлемнің 7 және 37 кереметі» (1988) атты шығармаларын қазақ тіліне аударды. Редакциялығымен көптеген еңбектері: «Алпамыс батыр» жыры (1979), Ш. Құдайбердіұлының «Үш анық» (1991), Ы. Алтынсаринның «Мұсылманшылықтың тұтқасы» (1991), «Әлем: альманах: өлеңдер, очерктер, әңгімелер» (1991), «Едіге батыр жыры» (1999), «Абылай ханның қамқа тоны және Байдалы би» (2007) т.б. жарыққа шықты. Ол ел ішіне кеңінен тараған «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Ақтамбердінің толғауы», «Арман-ай» т.б. әндердің авторы.

Ғалым өзінің кітапхана қорын 2008 жылы ЕҰУ-дың «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығына сыйға тартқан еді. Соның негізінде А.Сейдімбектің атындағы оқу залы ашылды. Қорда 1878 дана кітаптар, соның ішінде 100-ден аса қазақ руына қатысты шежіре кітаптар, А.И.Левшиннің «Қазақ-қырғыз тарихы жазбаларының» поляк тіліндегі қолжазбасы (1828), Абай Құнанбаевтың «Өлеңдер жинағы (1922)», әр түрлі «Мұқтасар», «Мұса Шорман. Қазақ ойындары», «Павлов Н. История Туркестана (1910)», «Асық ойыны», «Мойсеев В.А. Жоңғар соғысы» сияқты тақырыптағы 21 фотопленкасы мен басқа да «Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные Экспедицией по исследованию степных областей: Акмолинская обл. Атбасарский уъезд. Т. 12 (1902); Тургайский обл. Кустанайский уъезд. Т. 5 (1903); Семипалатинский обл. Павлодарский уъезд. Т. 4 (1903)» тақырыптағы 10-нан астам көшірме құжаттар бар. Әр кітап пен қолжазбаның бетінде ғалымның қолтаңбасы қойылған.

Бұдан басқа А. Сейдімбектің өзі пайдаланған қамшы, көзілдірік, қаламсап, пышақ, торсық, шақша, серілік сәнді таяғы және басқа да заттарын осы оқу залынан көруге болады.

Биылғы жылы ғалымның 80 жылдық мерейтойына орай Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімі ғалымға арнап «Ұлт руханиятының жанашыры – Ақселеу Сейдімбек» тақырыбында еңбектерінен кітап көрмесін ұйымдастырып отыр.

Көрмеге Ақселеу Сланұлының 1972-2008 жылдар аралығында жарық көрген шығармалары, сонымен қатар 2010 жылы «Фолиант» баспасынан шыққан алты томдық шығармалар жинағы, «Ұлттық идея: тарихи тағдыры мен болашағы» (2012), өмірден өткеннен кейін ол туралы жазылған «Алаштың аяулы Ақселеуі: Ақан туралы естеліктер» (2011), «Ұлы даланың Ақселеуі: естеліктер мен мақалалар жинағы» (2015), «Алаштың Ақселеуі: Ақселеу Сейдімбектің өмірі мен шығармашылығы» (2012), Әбдіхалық Ж.С. «Ақселеуге жаздым хат» (2012), Рахым Б.С. «Алаштың Ақселеуі асқан асулар» (2012), «Ақселеу Сейдімбектің шығармашылық мұрасы» (2018), «Ақселеудің асыл мұрасы: архив құжаттары мен материалдар жинағы» (2021) кітаптар мен 2002, 2018 жылдары шыққан «Ақселеу Сейдімбек: биобиблиографиялық көрсеткіштері», конференция материалдары: «Ақселеу Сейдімбек: ғылыми мұрасы және тәуелсіздік» (2012), «Ақселеу Сейдімбек және тарих ғылымындағы шежіретану мәселелері» (2017), және т.б. кітаптары қойылды.

Ғалымның бұл еңбектері оқырмандарымыз үшін баға жетпес құндылықтар болып табылады. Кітап көрмесімен А. Сейдімбек атындағы оқу залынан келіп таныса аласыздар және ғылыми ізденістер барысында ғалымның еңбектерін кітапхана бөлімдерінен алып оқуға болады.