«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында қарымды қаламгер, жазушы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдікұлымен ғылыми кітапханада кездесу өтті.
Шараны жүргізген кітапхана қызметкері Тынбаева Айсана жазушы Төлен Әбдікұлының әдеби мұрасымен таныстырды. Кеш қонағы жиналған көпшілік оқырман қауымға әдебиет, адамгершілік, ізгілік, руханият төңірегінде оқырмандармен ой бөлісті. Өзінің жазушылыққа қалай келгенінен бастап, бүгінгі күні шұғылданып жатқан ісінен ақпар беріп, әдеби өмір жолы мен шығармашылығы туралы әңгімелеп берді. «Қазіргі әдебиетке қандай сілкініс жетіспейді?», «Бүгінгі ұлт әдебиеті қандай тақырып, қандай бағытқа зәру?», «Сізге етене әсер еткен Еуропа жазушылары кімдер?» деген сияқты қызығушылық танытқан оқырман сұрақтарына жауап берді. Қазіргі жас буынға бос уақытты қалай тиімді өткізу туралы ағалық ақыл, өсиетін айтты.
Шығармашылық кешке Еуразия ұлттық университетінің және колледжінің студенттері және әдебиет сүйер қауым қатысты.
Филология факультетінің студенттері жазушы қаламынан шыққан «Түс», «Өткен күндер» атты өлең-жырларды мәнерлеп оқыса, Төлен Әбдікұлына арналған М.Шахановтың «Рух мектебіндегі мұң» өлеңін Алтай Жолдыбай, Мұрат Жүнісұлының «Төлен ағама» атты арнауды Алмат Ықсан оқыды.
Кеш соңында шараға қатысушылар Төлен Әбдікұлының шығармашылығына арналған кітап көрмесінен «Көкжиек» , «Әке» , «Оң қол», «Парасат майданы», «Разума пылающая война», «Перевал», «Истина» атты әңгімелер мен повестер жинақтарын тамашалады. Кеш соңында жиналған студенттер қауымы жазушыға алтын уақытын бөліп, сыршыл әңгімесімен бөліскені үшін алғыстарын айтып, автордың қолтаңбасын алып, естелік суретке түсті.