Қазақ ономастикасының теориялық негізін қалаған ғалым Телғожа Жанұзақ өзінің өмір бойы жинаған 800-ден астам құнды жеке кітапханасын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасына тарту етті, соның аясында Телғожа Жанұзақ атындағы ономастикалық қор ашылып, тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараға филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы кіріспе сөз сөйлеп, кітапханалардың ел игілігі үшін аса маңызды мұра екеніне тоқталды, қазақ руханияты кеңістігінде «Телағаң» есімімен танымал болған, 96 жастағы абыз ақсақалдың ел игілігі үшін жасап жатқан еңбегіне алғысын білдірді.
Ғалым Телғожа Жанұзақ тұсаукесер рәсімінде өзі де сөз сөйлеп, жастарға өзінің ақжарма тілегін жеткізіп, батасын берді және осы кітаптар көпшіліктің игілігіне айналатынына сенім білдірді.
Осы шара барысында белгілі қоғам қайраткері, ғалым Әділ Ахметов пен «Тіл-Қазына» орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай «ономастикалық қорға» бірнеше кітаптарын тарту етті.
Тұсаукесер рәсіміне тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, филология ғылымдарының докторы, профессор, Серік Негимов, ҚР ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманәлиев, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы, шетел филологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор Айгүл Біжкенова және Қарақалпақстаннан (Өзбекстан) Нөкіс Мемлекеттік педагогика институтының өкілдері қатысып, өздерінің ыстық ықыластарын білдірді. Қарақалпақстандық ғалым Ырысты Құттымұратова өз сөзінде Телғожа Жанзақов еңбектерінің Қарақалпақстан ғалымдарына танымалдығы, ономастика теориясы бойынша зерттеулерде басты әдебиеттер қатарында негізге алынатынына тоқталды.
Ғылыми кітапхананың директоры Бақытжан Әсетілдаұлы Оразалиев ғалым ағамызға алғысын білдіріп, бұл қордың ауқымы жыл сайын толыға беретінін, қазақ ономастикасы бойынша барлық еңбектердің осында жинақталатынын және оқырмандарға қолайлы болуы үшін ономастикалық қордың электрондық базасы жасалатынын жеткізді.