20-ақпан ғылыми кітапханада қазақ өнерінің шоқтығы биік нар тұлғасы, талантты актер, әрі режиссер Ш. Аймановтың туғанына 110 жыл толуына орай кино көрсетілім өтті.
Іс-шараға арнайы «Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры» актерлары, «TAU production» өкілдері, студенттер қатысты.
Көрсетілім барысында қатысушылар кино әлемінде болсын, театр сахнасында болсын, Шәкен Аймановтың қолтаңбасы тиген дүниелердің бәрі ерекше құнды екені жайлы айтып, тұлғаның болмысы жайында, ұлы режиссердің кәсіби шеберлігі, ұйымдастырушылық қабілеті, адами қасиеттері жөнінде, сонымен қатар, өздерінің өнер жолына келу жолын да кеңінен сөз етті. Кинорежиссердың қайталанбас туындылары «Алдаркөсе», «Атамекен», «Тақиялы періште, «Атаманның ақыры» және т.б. фильмдерінен үзінді көрсетілді.
Қатысушылар режиссердың шығармашылығына байланысты әртүрлі сұрақтарға жауап беріп, сонымен қатар кино саласындағы маңызды тақырыптар төңірегінде өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Өнерді шынайы сүйген жанның туындылары қанша жылдар өтсе де, әлі күнге дейін бүгінгі ұрпаққа үлгі болып келеді.
Сонымен қатар «Қазақ кино өнерінің шоқ жұлдызы» Шакен Аймановтың 110 жылдығына және кино саласына арналған кітап көрмесіне библиографиялық шолу өткізілді. Ғылыми кітапхана қорындағы Шакен Айманов туралы және кино саласындағы кітаптарға виртуалды көрме жасалды.