«Ана — өмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры» деп жырына арқау етіп, қалам тербемеген ақын жоқ.
Наурызнама онкүндігі аясында 20 наурыз күні ғылыми кітапханада «Ана – өмірдің бастауы» атты әдеби тартыс өтті. Бірнеше кезеңнен тұратын шараға кітапхана қызметкерлерінен құралған «Бәйшешек», «Сырғалым», «Шаңырақ» топтары әдеби сайысқа белсене қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Бірінші бөлім «Ана тіршіліктің тірегі» тақырыбында берілген тапсырма бойынша атақты классик ақындарымыздың өлеңдерінен үзінді оқуда «Сырғалым» тобы тамаша шеберлік көрсетсе, «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» деп аталған екінші бөлімде мақал-мәтелдер айтып жарысуда «Шаңырақ» тобы алғырлық танытты. «Қазақ әдебиетіндегі айшықты әйел бейнесі» бөлімінде белгілі қазақ қаламгерлерінің кітаптарынан экранға көрсетілген үзінді бойынша кітап авторын, кітап атауын, кейіпкердің атын табу тапсырмасын орындауда «Сырғалым» тобының мүшелері біліктілік көрсетті. Соңғы бөлім топтар арасында қазақтың айтыс өнерімен жалғасты. Әр топтың ақындары кезекпен айтысып әдет-ғұрыпты, ұмытылған салт-дәстүрді дәріптейтін рухани тәрбиелік мәні бар өлеңдермен өрілген, әрі әзіл-қалжыңы да аралас тартымды айтыста «Бәйшешек» тобынан Г. Бектанова жеңімпаз атанды. Ұжымды біріктіретін, корпоративтік рух беретін мұндай шаралар болашақта да жалғасын таба бермек.
Шара соңында жиналған көпшілік қауымға ауызашар беріліп, дәстүрімізге айналған Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз құтты болсын, ас мол болсын! — деген ниетпен Наурыз көже таратылды.