Академик Қ.И. Сәтбаевтың туғанына 125 жылдығына арналған Ғылым күніне орай 2024 жылдың 1-11 сәуірі аралығында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылыми кітапханасының «Ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау және институционалдық репозиторий» бөлімі Ғылым онкүндігін өткізді. Онкүндік бағдарлама зерттеушілер үшін ең өзекті тақырыптар бойынша әлемнің жетекші баспаларының өкілдері мен ғылыми ақпарат агрегаторларының қатысуымен ұйымдастырылды.
Шараны кітапхана директоры Бақытжан Оразалиев құттықтау сөзімен бастап, бүгінгі кітапхананың негізгі қызметі Университет ғалымдарының зерттеу жұмыстарына қолдау көрсету екендігіне тоқталды. «Ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау және институционалдық репозиторий» бөлімінің қызметкерлері «Ғылыми кітапхана Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдарының ақпараттық-консультативтік орталығы ретінде» (бөлім басшысы Айнагуль Айтуарова), «Ғылыми жұмыста библиографияны (пайдаланылған әдебиеттер тізімін) ресімдеуге арналған құралдар» (маман Асель Ахметова), «Ғылыми қызмет нәтижелерін жариялау үшін журналды таңдау» (маман Айжан Аржанова) тақырыптарымен бөлісті.
Қатысушы-оқытушылардың қызығушылығын тудырған Springer Nature компаниясының өкілі Александрова Иринаның «Springer Nature баспасына монографияны қалай дайындау және жариялау» тақырыбы болды. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің жас зерттеуші-докторанттары журналға ғылыми жұмыстарды ұсыну бойынша практикалық ұсыныстарға (Орта Азиядағы, Африкадағы, Үндістандағы және Таяу Шығыстағы IEEE сертификатталған жаттықтырушысы Ranbir S. Sedhey) және шетелдік рейтингтік журналдардағы жарияланымдарға, атап айтқанда, “Жыртқыш журналдардан” қалай аулақ болуға қатысты тақырыптарға (Springer Nature компаниясының өкілі Ирина Александрова) үлкен қызығушылықтарын тудырды.
Зерттеушілер ғылыми зерттеулердің нәтижелерін жариялау үшін халықаралық ғылымиметриялық платформаларда индекстелген дереккөздерді іздеудің маңыздылығын; әлемдік жетекші академиялық баспалардың ашық қолжетімді журналдары (Informascope компаниясының өңірлік менеджері Бақдәулет Ержанов); жазылымдағы электрондық ресурстардың әлемдік деңгейдегі мақалаларды дайындау құралы ретіндегі рөлін (EBSCO компаниясының өкілі Ирина Сержан) атап өтті. Спикерлер зерттеушілерге жариялау үшін журналдарды таңдау, мақаланы дайындау кезінде қажетті ақпаратты алу, монография беру және ғылыми басылымдарға қойылатын талаптар, олардың түрлері, жариялау форматтары және тағы да басқа платформалардың мүмкіндіктерін айқын көрсетті. Барлық қойылған сұрақтарға Ғылым онкүндігіннің қатысушылары толық жауаптар алды.
Сондай-ақ, онкүндік аясында Заң факультетінің кафедралары үшін зерттеушілерге арналған ғылыми кітапхананың мүмкіндіктері мен қызметтерімен танысу-экскурсиялары өткізілді және «Ғалымның цифрлық құзыреттілігі: зерттеушінің h-индексін қалай арттыруға болады» (ИР координаторы Ақжамбы Ыбыраева) тақырыбында презентация ұсынылды.
Іс-шараға қатысқан 300-ден астам зерттеушілер Ғылым онкүндігі бағдарламасының тақырыптарының мазмұны мен өзектілігін атап өтіп, осындай кездесулерді өткізгендері үшін тілектері мен алғыстарын білдірді.