Ағымдағы жылдың 21 сәуір күні Ғылыми кітапханада Инклюзивті ақпараттық ресурстар орталығының ұйымдастыруымен Қазақстандағы алғашқы ашылған инклюзивті театрының жетекшісі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі Искаков Арнұр Қайнарбекұлымен «Өмірге деген махаббат» атты онлайн мотивациялық кездесу өтті. Бұл іс-шараның мақсаты – қатысушы студенттер мен жастардың өмірге деген махаббатын ояту, өмір сүруге деген құлшынысын арттыру.
Кездесу инклюзивті орталықтың координаторы Гүлhая Жуашбаеваның «Әлеуметтану кафедрасының» меңгерушісі, социология ғылымдары кандидаты, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері Салықжанов Рамазан Саттарұлымен таныстыруымен басталды. Рамазан Саттарұлы түлегіміздің «университет қабырғасында курстастарымен қатар білім алып өзінің мүмкіндігі шектеулі болса да мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдеген ерекше шәкіртім» деп мақтанышпен сөз кезегін қонағымыз Арнұр Қайнарбекұлына берді. Іс-шара барысында Арнұр Искаков өзінің өмірден өткен қызықты оқиғаларымен, қазіргі уақытта инклюзивті театр саласында қызмет етіп жүрген жұмысымен, алға қойған жоспарлармен бөлісті.
«Өмірдің бізге берер сынағы көп. Кейбір адамдардың сол сынақтарға шыдамай, өз-өзіне қол жұмсап жатқандардың саны қаншама! Шын мәнісіне келген кезде сынақтардан өту-өтпесіміз өз қолымызда. Өмірге деген махаббатыңыз үлкен болса өмірде кездескен барлық қиыншылықтарды жеңіп, берілген кедергілерге төтеп бере аласыз. Мен үшін өмірге деген махаббат, ол – біріншіден, ата-анамның разылығын алу. Екіншіден, осы өмірде өз орнынды табу және кез келген іске бар ниетің мен ынтаңды салу. Әрине, ол үшін үлкен сабыр, терең білім, қайрат-жігер керек. Бір ғана берілетін өміріміздің құнын және қолда бар алтынның қадірін бағалай білейік! Өмірге деген махаббаттарыңыз таусылмасын!»,- деген сөздерімен Арнұр Искаков бір қанаттандырып қойды. Студенттер қонағымызға көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Бұл кездесуге қатысқан жастардың ерекше жақсы әсер алғаны сөзсіз.