23-сәуір Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні мерекесіне орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кітапханасында «Кітап – білім бұлағы» апталығы ұйымдастырылды. Апталық аясында көптеген кездесулер, тұсаукесер мен әдеби поэзиялық кештер өтті. Студенттер арасында «Этнодизайн — ұлттық өнердің жалғасы» көрме-байқауы мен «Студенттік өмірімнің сәттері» фотобайқауы жарияланды.
Университет ғалымдары өздерінің авторлығымен жарыққа шыққан оқу процесіне қажетті оқулықтар мен монографияларын сыйға тартты. Халықаралық «Eurasian Book Fair-2023» кітап-жәрмеңкесіне университет ғалымдарының еңбектерінен көрме қойылды. Кітап-жәрмеңкесіне еліміздің және шетелдерден 40-тан астам ірі баспалар қатысып, ғылымның барлық салаларын қамтитын кітаптар қойылды.
«Кітапханашыдан кітапханаға құнды тарту» акциясы аясында кітапханашылар халықаралық кітап-жәрмеңкесінен кітапханамыздың қорын толықтырып, көркем-әдеби шығармалардың мазмұнын жаңартуға ат салысты.