Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында жыл сайынғы «Жоғары оқу орындарының кітапханасын дамытудағы заманауи әлемдік трендтер. Университеттің әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциялануындағы академиялық кітапханалардың рөлі» атты ХІ халықаралық конференциясы 27-28 сәуір күндері өтті. Конференцияның ашылу салтанатында университетіміздің ғылым жөніндегі проректоры Құрманғалиева Жанна Дулатқызы құттықтау сөз сөйлеп, университеттің жеткен жетістіктерінде кітапхананың рөлі зор екенін атап өтті. ҚР ғылым және жоғары білім министрлігінің комитет төрайымы Көпенова Гульзат Ісбасарқызы бүгінгі кітапханаларға қойылып отырған талаптың да жоғары екеніне баса назар аударды.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің және Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары кітапханалары қауымдастығының қолдауымен өткен бұл конференцияда қазіргі заманғы университеттік кітапханалар қызметінің өзекті бағыттары бойынша білім және практикалық тәжірибе алмасып, академиялық кітапханаларды одан әрі дамыту үшін ұсыныстар әзірленді. Сессиялар, мастер-класстар барысында білім беруді, ғылымды кітапханалық-ақпараттық қамтамасыз ету динамикасына, кітапханаларды цифрландырудың басымдықтарына, ресурстар мен сервистерді цифрлық кеңістікке ендіруге қатысты мәселелер қаралды.
Конференция аясында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының кітапхана басшыларына кітапхана ісіне қатысты нормативтік-құқықтық құжаттар мен халықаралық стандарттар бойынша семинар өтті.
Іс-шараға Қазақстанның 57 жоғары оқу орнынан 110-нан астам еліміздің жоғары оқу орындары кітапханаларының басшылары мен Ресей, Түркия, АҚШ, Сингапур, Швейцария, т.б. шетелдік университет кітапханаларынан әріптестер қатысты.
Шара барысында жоғары білім беруді қолдауға арналған «ИНФРА-М», «Лантар books», «Дарын» баспалары мен ақпараттық компаниялардың электрондық ресурстарының көрмесі ұйымдастырылды.