Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Ғылыми кітапханасында «Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне» орай кітап апталығы өтті. Апталық аясында белгілі пианист, концертмейстер, Қазақстанның халық әртісі Жания Әубәкіровамен кездесу өтті.
Кездесу барысында филология ғылым докторы Серік Негимов әлем сахналарын өз өнерімен тәнті етіп, елдің ықыласына бөленіп жүрген қазақтың біртуар қызы Жания Яхияқызына жылы лебізін білдірді. ҚР еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай өнер иесінің шығармашылығы мен өмір жолы жайлы сөз қозғады.
Жания Яхияқызы өзінің еңбек жолындағы жетістіктері туралы ой бөлісе отырып, бейнежазба көрсетті. Кешіміздің соңында Жания Әубәкірова кітапхана қорына «Әке туралы сөз. Страницы памяти «, «Ана жүрегінің әуені», » Мәрзия Мәженова. Кемел ұстаз», «Канат. Жанара. Их Вселеннные», «Музыкальный голос Казахстана» кітаптарын сыйға тартты. Ғылыми кітапхана директоры Оразалиев Бахытжан Әсетілдаұлы Жания ханымның сахнада өнер көрсетіп қана қоймай, еліміздің мәдени өмірінде де белсенді екенін атап өтіп, өз алғысын білдірді.
Кездесу өнер, кітап сүйер қауымға қызығушылық танытатын әрбір оқырманға өзіндік ой салды. Мұндай кездесулер біздің кітапханамызда дәстүрлі түрде өтіп отырады. Себебі, әр адамның өмірі — өзінше бір кітап…