ӨМІРГЕ ҚҰШТАР ЖАНМЕН КЕЗДЕСУ

Ағымдағы жылдың 28 ақпанында ғылыми кітапханада студент жастардың «Шекарасыз спорт» әлеуметтік жобасының жетекшісі және идеялық шабыттандырушысы Бахтияр Қуанышұлы Базарбековпен кездесу өтті. Кітапхана қонағы видеостудияның директоры мен құрылтайшысы, әлеуметтік, жарнамалық және деректі бейнефильмдер мен бағдарламалардың режиссері болып табылады. Бахтияр Қуанышұлы — арнайы қажеттілікті талап ететін жандар арасындағы бірегей веломарафондардың ұйымдастырушысы және қатысушысы (Алматы — Астана, Алматы-Ыстықкөл, Астана — Париж, Алматы — Түркістан). «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының 2019 жылғы жеңімпазы. «El Tiregi» шағын және орта бизнес қауымдастығының қадірлі мүшесі. Велотандем және паратриатлон федерациясының президенті. Мотивациялық спикер. Марафонның және бірнеше жартылай марафонның қатысушысы. Шахмат бойынша қалалық және республикалық жарыстардың жеңімпазы. Көру қабілетінің 5% болуына қарамастан, екі мәрте IronMan 70.3. болды.

     Кездесу ғылыми кітапхананың инклюзивті ақпараттық ресурстар орталығының қызметі аясында арнайы білім беруді қажет ететін студенттердің қатысуымен ұйымдастырылды. Кештің қонағы өзінің «Шекарасыз спорт» жобасы туралы айтып берді, оның басты мақсаты толыққанды инклюзивті қоғам құру, оларға мотивациялық орта қалыптастыру, сондай-ақ, мемлекетке назар аударатын мәселелерді көрсету мүмкіндігі болып табылады. Кездесу барысында арнайы қажеттіліктерді талап ететін білім алушылар қонаққа сұрақтар қойып, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Кездесу соңында Бахтияр Қуанышұлы «Шекарасыз спорт, мақсатың болса, кедергілерге жол жоқ» деген қанатты сөздермен аяқтады.