Ағымдағы жылдың 25 ақпаны күні жастардың жыр жинағының таныстырылымы өтті. Шараға студенттер, университетіміздегі ақын, жазушылар, кітапхана қызметкерлері, әдебиетке ынталы жастар және еріктілер қатысты. Жастар жылы аясында университеттің ғылыми кітапханасы жас таланттарды қолдау мақсатында, «Жастар жырлайды!» атты поэтикалық байқау ұйымдастырған. Сол байқауда көзге түскен ақындардың өлеңдері ф.ғ.д., белгілі ақын Жанат Әскербекқызының алғы сөзімен жеке жинақ болып шықты. Жинаққа Дәулет Жәлел, Ділда Уәлибек, Абдиров Өркен, Ақбабақызы Нәрия қатарлы бірнеше ақынның өлеңдері топтастырылған. Жазушылар одағы Астана бөлімшесінің төрағасы, белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы мен кітапхана директорының орынбасары Жанар Бекайдарқызы кітаптың тұсауын кесіп жас авторларға ақжол тіледі. Қазақ әдебиеті кафедрасының доценті филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер мен ақын Серікзат Дүйсенғазин жинақтың маңыздылығына тоқталды. Кеш қонағы Құрманай Бақтиярқызы жүрекжарды жырларын оқып, ізгі тілегін білдірді. Іс-шара «Ғибрат» еріктілер клубының ашылуымен жалғасын тапты. Клуб жетекшісі, филология факултетінің 2-курс студенті Фариза Мүсілімқызы еріктілердің қоғам дамуына тигізер игі әсері туралы ойымен бөлісті.