Ағымдағы жылдың 29 қарашасында кітапхананың оқу залында «Адамзаттың Абайы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Іс-шара қазақтың данышпан ақыны, ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналды. Кешті өткізуге филология факультетінің студенттері, «Алқа» әдеби-сазды клубы мен «Шаңырақ» студенттік театрының мүшелері атсалысты.
Кеш «Шаңырақ» студенттік театрының сахналық көрінісімен ашылды. Көрермендерді жас Абай, Тоғжан мен Әйгерім образдарының шынайылығы тәнті етті. Жыр сүйер жас қауым жиналғандарға ақын өлеңдерін қазақ және ағылшын тілдерінде жырлап, «Қара сөздерінен» мәнерлеп үзінділер оқыды. Еркін Ерболат күмбірлете күй шертсе, Майра Ділдақан мен Зерде Нұртайқызы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шырқады. Ерасыл Мамыр ақын Серік Қалиевтың: «Абай тірі болғанда» атты жырын оқыды.
Кеш соңында кітапхана қызметкерлері қатысушыларға зор алғыс білдіре отырып, оларды Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесін тамашалауға шақырды.