«БРАЙЛЬ НЕГІЗДЕРІ» ИНКЛЮЗИВТІ СЕМИНАР

 Ағымдағы жылдың 28 қазанда Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ғылыми кітапханасында орналасқан Америка бұрышының базасында «Луи Брайль: Мәңгілік үміттің таңғажайып көрінісі» атты инклюзивті семинар өтті. Іс-шараны инклюзивті ақпараттық ресурстар орталығының тифлопедагог-координаторы Гүлhая Бабаханқызы Жуашбаева және «Жұлдызай» оңалту орталығының тифлопедагогі Мәнсия Ахметжанқызы Толеева жүргізді. Тифлопедагогтар Луи Брайльдің өмір жолы мен ғылымға еңгізген жаңалығымен бөлісті. Сонымен қатар, қатысушылар Брайль жүйесінің қолдану тәсілі мен бедерлі нүкте арқылы оқып жазу әдістерімен танысты. Мастер-класс соңында қатысушылар арасында Нұр-Сұлтан қаласының №10 мектеп-гимназиясында қызмет ететін ұстаз-тифлопедагог Сәуле Лябиқызы Сагимбаева өз тарапынан тифлопедагогикаға байланысты ұсыныстарын айтты. “Қазақстанда ерекше қажеттілікті талап ететін жандарға арналған мектептер аз және қызметкерлер жеткіліксіз. Алматы, Қарағанды, Шымкент, т.б қалаларындағы университеттерінде тифлопедагогикаға байланысты мамандықтар қарастырылған. Ал біздің қаламыздың университеттерінде де осы бағытта білім беру әдіс-тәсілдері еңгізілсе”, – деп өз ойын білдірді. Қорытындылай келгенде, қазіргі таңда инклюзивті білім беру бағыты қарқынды дамуда, алайда білім алушылардың саны күн сайын артқанымен, білім берушілер жоқтың қасы, сол себепті осы мәселелердің назардан тыс қалмауына, шешімінің табылуына үлес қосу мақсатында осындай инклюзивті мастер-класстар жиі жүргізілу керек.