Ағымдағы жылдың 14 мамырында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, бірінші проректор-оқу ісі жөніндегі проректор Әсемгүл Молдажанова, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлының қатысуымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті кітапханасының қызметімен танысты. Кітапхана директоры Бақытжан Оразалиев Күләш Ноғатайқызын кітапханалық-ақпараттық қызметпен таныстырып, оқытушылар еңбектерінің көрмесі орналасқан электронды оқу залымен таныстырды. Электронды оқу залында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында шығарылған кітаптардың көрмесі орналастырылып, осы жобаны жылжыту бойынша жұмыс университеттің оқытушылары мен студенттеріне арналған семинарлар, көрмелер және таныстырылымдар ұйымдастыру арқылы жалғасады.
Ғылыми кітапхана қорында 1,7 млн. астам оқулық, ғылыми және көркем әдебиеттер бар. Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің қолдауымен жұмыс істейтін Coworking — орталық, «American Corner and Maker Space Astana» ақпараттық-ресурстық орталығы орналасқан. Сонымен қатар диссертация залы, электрондық ресурстар залы, ENU Lib электрондық каталогы, 6000 дана сирек кітаптар мен қолжазбалары бар. Кітапханаға түскен басылымдар өңделуіне қарай кітапхананың электронды каталогында көрсетіледі және ғылыми кітапхананың оқу залдарында, абонементтерінде білім алушылар мен университеттің профессор-оқытушылары құрамы үшін ашық қолжетімді болады.
Күләш Шәмшидинова кітапхананың білім алушыларға жағдай жасау деңгейін жоғары бағалап, кітапхананың жастардың арасында ғалымдардың өсуіне септігін тигізуін айтып мадақтады.