КІТАПХАНА МАМАНДАРЫНЫҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ КУРСТАРЫ

2019 жылдың 14-19 қаңтар аралығында ғылыми кітапханада «Жоғары оқу орны кітапханаларын дамыту тенденциялары» тақырыбында біліктілікті арттыру курстары өтуде. Курсты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институты және ғылыми кітапхана бірлесіп ұйымдастырды. Оқу жоспары «Жаңа оқу ортасындағы университет кітапханасы», «Ақпаратты аналитикалық және синтетикалық өңдеу», «Кітапханадағы электронды ресурстармен жұмыс істеуді ұйымдастыру», «Заманауи университет кітапханасының PR-коммуникациялары. Жаңа сынақтар және жаһандық трендтер» атты төрт модульден тұрады. Оқу бағдарламасының мақсаты — жоғары білім берудің инновациялық дамуы жағдайында кәсіби құзыреттілікті арттыру. Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Орал, Қостанай және Астана қалаларынан келген жоғары оқу орындары кітапханаларының басшылары мен жетекші мамандары ақпараттық ресурстарды құру және пайдалану, заманауи IT-технология негізінде оқу контингентіне және университеттің оқытушылары мен зерттеушілеріне ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсету әдістері бойынша дағдыларын арттырады. Оқу бағдарламасы заманауи университеттің оқу және ғылыми-зерттеу үдерісінің өзекті тақырыптары бойынша дәрістер, семинарлар, мастер-кластар, пікірталастар түрінде ұсынылады. Курс қатысушылары Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғылыми кітапханасының цифрлық ортадағы қызметті трансформациялаудың инновациялық тәжірибесімен танысады. Бағдарламасының басты бағыты — оқытушылар мен студенттердің ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін электронды ресурстардың мүмкіндіктері, кітапхананың медиа және ақпараттық сауаттылықты арттырудағы орны мен рөлі. Оқу бағдарламасының ең қызықты жағы — тәжірибелік дағдыларды иелену мүмкіндігі. Сондай-ақ, бағдарламаның шеңберінде пайдаланушыларды ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсетудегі ең озық шетелдік және отандық тәжірибелерімен таныстырады. Оқу бағдарламасы әрбір қатысушыға кәсіпкерлік қызметтің заманауи тенденцияларына дамуына мүмкіндік береді. Бағдарлама аяғында қатысушылар тесттен өтіп, сертификаттар алады.