Ақселеу Сейдімбек еңбектері қазақ халқының рухани құндылықтарын зерделеуге бағытталған, оның ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, әсіресе, күйшілік өнердің ұлт өміріндегі орнын сөз еткен аса құнды зерттеулері бар қаламгер-ғалым.
Алғашқы «Ақиық» әңгімелер жинағы (1972), одан кейін «Күңгір-күңгір күмбездер» (1981), «Серпер» (1982), «Мың бір маржан» (1989), «Күй шежіре» (1-2 кітап, 1992, 1997), «Қазақ әлемі» (1997), «Қазақтың күй өнері» (2002) атты ғылыми еңбектері халқымыздың бай мәдени мұрасын саралап көрсеткен.
«Қазақтың ауызша тарихы: шежірелік деректерді пайымдау» (2008) атты кітабы дәстүрлі қазақ қоғамын объективті қалпында танып-түсіну жолындағы жаңа белес.
Көркем шығармаларынан «Сонар» (1989), «Аққыз» (1991), шежіре туралы «Балталы, бағаналы ел аман бол» (1993), Ойтолғақ (1997) кітаптары, орыс тілінде «Поющие купало: этюды о красоте» (1985), «Всадник на белом коне» (1987), «Мир казахов» (2011), «Фолиант» баспасынан шыққан «Алты томдық шығармалар жинағы» (2010) т.б. еңбектері бар.
Сонымен қатар ғалым туралы «Ұлы даланың Ақселеуі: естеліктер мен мақалалар жинағы» (2015), «Алаштың Ақселеуі: Ақселеу Сейдімбектің өмірі мен шығармашылығы» (2012), «Ақселеу Сейдімбектің шығармашылық мұрасы: ұжымдық монография» (2018) кітаптар, «Ақселеу Сейдімбек: ғылыми мұрасы және тәуелсіздік» атты конференция материалдар (2012), Ақселеу Сейдімбек: библиографиялық көрсеткіштер (2002, 2018) және мақалалар жарық көрген.
Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімі «Ұлт руханиятының жанашыры» атты ғалымның осы еңбектерінен кітап көрмесін ұйымдастырды. Бұдан басқа көрмеде, А. Сейдімбектің пайдаланған заттары (қамшы, көзілдірік, қаламсап, пышақ, торсық, шақша, серілік сәнді таяғы т.б.) орын алды.
Ғалымның бұл еңбектері оқырмандарымыз үшін баға жетпес құндылықтар болып табылады. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында 204 кабинет «А. Сейдімдек атындағы ғылым залынан» көрмемен келіп таныса аласыздар және қызығушылық танытқан еңбектерін кітапхана бөлімдерінен алып оқуға болады.