«ӨМІРДІҢ БӘРІ СӘТТІЛІКТЕН ТҰРМАЙДЫ…» АТТЫ ӘДЕБИ КЕШІ

2018 жылдың  28 қарашасында Ғылыми кітапханада көрнекті ғалым, жазушы Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» повесі бойынша «Өмірдің бәрі сәттіліктен тұрмайды…» атты әдеби кеш өтті. Кешке ф.ғ.д., профессор Шерубай Құрманбайұлы, ф.ғ.д., профессор Серік Негимов, ф.ғ.д., профессор Рақымжан Тұрысбек, ЕҰУ-дың «қазақ әдебиеті» кафедрасының оқытушысы Қ.Кемеңгер және «Алқа» әдеби-сазды клубының мүшелері мен шығарманы оқыған оқырмандар қатысты.

Оқырмандарды жалпыхалықтық «Бір ел-бір кітап» акциясына таңдалып алынған үздік шығармамен жақынырақ таныстыру, көркем шығарманы насихаттау мақсатында өткізіліп отырған іс-шараны Ғылыми кітапхана директоры Б.Оразалиев ашып, акцияға биылғы жылы таңдап алынған үш шығармаға тоқталды. Бұдан кейін сөз алған ғалымдар Н.Келімбетовтың өмірінен қызықты да ғибратты естеліктер айтып, автордың шығармашылығына шолу жасап, повестің жазылу тарихынан сыр шертті.

Шара барысында «Бір ел – бір кітап акциясы» мен Н.Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» шығармасына арналған тақырыптық слайдтар көрсетіліп, Әсем Құлманова, Еркежан Жанботақызы, Нұрпаш Құндызай атты студенттер повестен жатқа монолог оқып, қошеметке бөленді. Жиналғандар шығарма идеясын талқылап, Ержан мен Гаухар бейнесін әр қырынан ашуға талпынып, пікір алмасты. Әдеби кеш Байжұма Арыстанның орындауындағы Майлықожаның термесімен аяқталып, бұдан әрі келушілер назарына Н.Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» шығармасына арналған «Ерлік пен даналық дастаны» атты кітап көрмесін тамашалау ұсынылды.