СТУДЕНТТЕРДІҢ СЕРІК НЕГИМОВПЕН ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАДАҒЫ КЕЗДЕСУІ

Ғылыми кітапханада «Ұстаз. Ғалым. Қайраткер» атты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтің 70 жылдық мерейтойына арналған әдеби кеш өтті. Ғалым оқырмандармен жүздесе отырып, қазақтың би-шешендерінің мол мұраларынан сөз қозғады, ойлау мен сөйлеу мәдениетінің құдіреті жайлы айтылған әңгімелері жақсы әсер қалдырды.

Кеш қонағы, сөз өнерінің шебері, белгілі ғалым Серік Негимовтың шығармашылығы мен жетістіктері туралы ғылыми кітапхана директоры Бақытжан Әсетілдаұлы баяндап өтті. Ғылыми кітапхананың бас маманы Сәния Абайкенқызы ғалымның еңбектерінен кітап көрмесін ұйымдастырып, «Билер сөзі» кітабына шолу жасап өтті. Кешке қатысып отырған филология факультетінің студенттері  қазақ билерінің шешендік сөздерін мәнерлеп, нақышына келтіріп оқыды. Солардың бірі, Қанай Нөсер Майқы бидің шешендік сөздерін, Қаз дауысты Қазбек бидің өздерінен үзіндіні Бекмұханбетов Әли, Төле бидің әңгімелерінен Қабидоллин Мейіржан үзінді оқыса, Бәшкен Айбек  Әйтеке биді өте шеберлікпен сомдап, көрермендердің ықыласына бөленді. Сонымен қатар «Туған елге» — атты әнді ФҚТ -31 тобының студенті Ерболат Елемес және «Ауылым» әндерін «Шабыт» өнер академиясының түлегі Талант Мажитов өте әсерлі орындады. Іс — шараға арналып жасалған «Ұстаз. Ғалым. Қайраткер» — кітап көрмесіне ғалымның еңбектері қойылды. Ғалым өзі құрастырған еңбектерін шараға белсенді қатысқан студенттерге сыйға тартты.