«ЖАҢА ГУМАНИТАРЛЫҚ БІЛІМ. ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ 100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДАҒЫ «ӘЛЕУМЕТТІК ПСИХОЛОГИЯ» КІТАБЫНЫҢ АУДАРМАШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ

Ағымдағы жылдың 30-шы қазанында ғылыми кітапханада Әлеуметтік ғылымдар факультетінің «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» кафедрасының профессор-оқытушы құрамының қатысуымен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарыққа шыққан Дэвид Майерс пен Жан Туендждің «Әлеуметтік психология» оқулығының таныстырылымы бойынша семинар өткізілді. Бұл оқулықты қазақ тіліне аударған кафедра меңгерушісі Шалғынбаева Қадиша Қадырқызы, психология саласының оқытушы ғалымдары Калкеева К.Р., Айтышева А.М., Айқынбаева Г.К., Ерментаева А.Р., Байжуманова Б.Ш., Нурадинов А.С. Шолпанқұлова Г.К. семинарға қатысушы студенттер, магистранттар мен докторанттарға басылымды аударудың үрдісі мен оның маңыздылығын баяндап берді. Аудармашылардың пікірінше, мұндай іргелі басылымды шығару арқылы қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен толықтыру, психология бойынша ғылыми әдебиеттер қорын байыту мүмкіндігі пайда болды. Семинар барысында оқулықтың мазмұнын ашатын бейнеролик көрсетілді. Әрбір оқырман санаты бұл басылымнан өзіне көптеген пайдалы ақпаратты таба алады. Ғалымдар әлеуметтік психологияның барлық  білім салаларында өзінің лайықты орнын алатындығына сенімді. Оқу құралы университеттің ғылыми кітапханасының қорында жеткілікті көлемде ұсынылған.