ЕҰУ ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫНДА ЛЕВ ГУМИЛЕВҚА АРНАЛҒАН «ЗОЛОТОЙ ЗАПАС ЕВРАЗИЙ!» АТТЫ КІТАП КӨРМЕСІНІҢ АШЫЛУЫ

2018 жылдың 4 қазанында ЕҰУ Ғылыми кітапханасында еуразияшыл ұлы ғалым, зерттеуші Лев Гумилевқа арналған «Золотой запас Евразий!» атты кітап көрмесінің ашылуы болды. Гумилев декадасының аясында өткізілген бұл шараға филология ғылымының докторы, профессор С.Негимов, университет оқытушылары, кітапхана оқырмандары мен қызметкерлері қатысты.

Ашылу салтанаты кітапхана директоры Б.Оразалиевтің жиналғандарды Гумилев декадасының өтуімен құттықтауынан басталып, поэзияға ойысты.  Кітапхана мамандары Н.Омарова университет оқытушысы С.Қамаеваның «Л.Н.Гумилевқа арнауын» оқыса, А.Мардакова Л.Гумилевтың «Лирические мемуары» атты жыр жолдарын оқыды. А.Байғабылова «Ғасырлық ғұмыр», «Гумилев әлемі», «Суреттер сыр шертеді» атты бөлімдерден тұратын кітап көрмесіне жан-жақты шолу жасап, жиналғандарды ғалым өмірі мен шығармашылығы негіз болған әдебиеттермен таныстырды.

Ф.ғ.д, профессор С.Негимов Еуразия ұлттық университетіне Гумилев есімінің берілу тарихына тоқталып, ғалымның «Хундар», «Көне түркілер» атты зерттеулеріне шағын шолу жасады.

Сирек қолжазбалар бөлімінің маманы З.Жолдасбекова кітап қорында 2001 жылы елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз қолымен сыйға тартқан Л.Гумилевтің  кітаптары бар екендігін айтып, қонақтарға «Гумилев әлемі» қоры басып шығарған 15 томдық таңдамалы шығармалар жинағының сол алғашқы бесеуін мақтанышпен көрсетті.

Кітап көрмесінің ашылу салтанаты Ғылыми кітапхана директоры Б.Оразалиевтің: «өскелең жас ұрпақ еуразияшыл ұлы ғалым Гумилевтың есімін ешқашан есінен шығармайды және оның еңбектерін іздене жүріп оқиды деп сенеміз» — деген сөздерімен аяқталды. Іс-шара соңында жиналғандар «Л.Н. Гумилев» атты ғалым өмірінен сыр шертетін қысқа метражды фильмді тамашалады.