«КӨЗГЕ ЫСТЫҚ КӨНЕ КІТАПТАР» КӨРМЕСІ (ЛАТЫН ӘЛІПБИІНДЕ)

«Кітап – рухани жаңғырудың жарқын жолы» атты ғылыми кітапханадағы жоба аясында сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қорын насихаттау барысында «Көзге ыстық көне кітаптар» атты латын әліпбиіндегі басылымдарының көрмесін өткізді. Кітап көрмесіне мемориалдық кітап қорындағы латын әліпбиіндегі қазақ шығармалары ұсынылды.

Қазақ балалар әдебиетінің жазушысы Сапарғали Бегалиннің «Түрксиб» газетінде жарық көрген «Кәден» (1936 ж.), «Біздің Мамырбай», «Мұқан тілші» (1936 ж.) очерктері көрмеге қойылды. Сонымен қатар: «Тау сыры» (1936 ж.), «Жәнібектен жаңа хат» (1940 ж.), «Өрісті өмір» (1940 ж.), «Қарқаралы» (1939-40 жж.), «Бір күн», «Кішкене патриоттар», «Жас патриоттар» поэмаларының түпнұсқа қолжазбалары; «Абай» (1939 ж.), «Жамбыл» (1940 ж.), «Бүгінгі Алма-Ата» (1937 ж.), т.б. өлеңдері; «Шоқай» (1941 ж.)  әңгімесі мен басқа да С. Бегалиннің еңбектері, одан басқа 1940 жылғы «Қазақ әдебиеті» (№1(3).-1қаңтар) газеті қойылды.

Академик-жазушы Тұрсынбек Кәкішевтің қорынан «Абай Құнанбайұлы шығармалары» 2-ші томы (1940 ж.), «Жамбылдың өлең-жырлары» (1938 ж.); академиктер Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенованың қорындағы «Қазақстан көркем әдебиет баспасынан» жарық көрген «Абай Құнанбайұлы шығармалары» (өлеңдер мен поэмалар) 1-ші томы (1939 ж.), «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері» (1935 ж.), «Батырлық эпос» 1-ші томы (1939 ж.), «Нарманбеттің өлеңдері» (1939 ж.), «Қазақ ақындарының өлеңдері» (1939 ж.), «Тарту» жинағы (1940 ж.), Ғ.Мұстафиннің «Өмір не өлім» романы (1941 ж.); «Қазақстан» баспасынан шыққан К.Көкенұлының «Көдек» өлеңдер жинағы (1933 ж.), Тайыр Жароктың «Нептістан» поэмасы (1933 ж.) және «Қазақ әдебиеті» оқулықтары және тағы басқа кітаптары ұсынылды. Көрмеге барлығы отыздан аса кітаптар мен қолжазбалар, газет мақалалары қойылып, дәйексөздермен толықтырылды. Көрме қазақ әдебиеттерін зерттеумен айналысатын адамдар үшін қызықты әрі пайдалы болады. Ұсынылған сирек кітаптар мен қолжазбалар арқылы баяндалып отырған кезеңдегі қоғамның экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуын қадағалауға болады. Бұл латын әліпбиіндегі басылымдармен «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» бөлімінде таныса аласыздар.