ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАДАҒЫ ФАКУЛЬТЕТ КҮНІ

Оқу, білім және ғылыми-зерттеу үдерістерін ақпараттық қамтамасыз етуді жетілдіру, сондай-ақ кафедралармен қарым-қатынасты нығайту мақсатында ағымдағы жылдың 23 қазанынан 9 қарашасы аралығында ғылыми кітапханада «Ғылыми кітапханадағы Факультет күні» ақпараттық-кеңес беру бағдарламасы табысты өтті. Жұмыс күні ішінде бекітілген кестеге сәйкес 13 факультеттің оқытушылары, докторанттары, магистранттары мен бакалаврлары жаңа түскен басылымдар көрмесімен, кітапхана веб-порталының презентациясымен танысуға мүмкіндік алды. Кітап көрмесіне 1300-ден астам оқулықтар, оқу құралдары, ғылыми монографиялар, халықаралық конференциялардың материалдары, мультимедиялық басылымдар мен журналдар таныстырылды. Факультет күні бағдарламасының маңызды бөлігі ғылыми кітапханаға қолжетімді деректер базаларының презентациясы; қажетті электронды ресурстар мен курстық және дипломдық жұмыстарға, ғылыми мақалаларға арналған библиографиялық тізімдерді құру үшін қажет электронды каталог пен құралдарды пайдалану бойынша кеңестер берілді. Кітапханада экскурсия барысында қатысушылар университет кітапханасының ақпараттық мүмкіндіктері туралы толық мәлімет алды. Факультет күндері оқытушылардың іс-шараға белсене қатысуын қамтамасыз еткен пәндік кітапханашылардың күш-жігері арқасында табысты өтті.