Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ-ДЫҢ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ЕҢБЕКТЕРІ EURASIAN BOOK FAIR – 2017 КӨРМЕСІНДЕ ҰСЫНЫЛДЫ

Ағымдағы жылдың 15–18 маусым аралығында «Көрме» КО II Еуразиялық халықаралық кітап көрме – Eurasian Book Fair – 2017 жәрмеңкесі болып өтті. Шараның ұйымдастырушылары көрмені өткізуде бірнеше мақсаттар қойды. Бұл, ең бастысы заманауи қоғамда кітаптың адам мәдениеті мен ойының ең биік жетістігі екенін, білімнің, қоғамның эволюциялық дамуының басты қайнар көзі екенін көрсету. Аталмыш көрме кәсіби қарым-қатынас, шығармашылық байланыс орнату және баспа қызметінде серіктестер табу үшін таптырмас орын болды. Кітап көрмесі қазақстандықтардың, әсіресе жастардың рухани дамуына және білім потенциалын дамытуына әсері зор.

Осылайша, EXPO – 2017 көрмесімен тұспа-тұс ұйымдастырылған II Еуразиялық халықаралық кітап көрмесі — Eurasian Book Fair – 2017 жәрмеңкесі Астананың мәдени өмірінде маңызды оқиға болды. Аталмыш шараға алыс-жақын 25 шет елдерден, оның ішінде Қазақстан, Беларусь, Тәжікстан, Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Польша, Иран, Греция, Қытай елдерінен 90-ға жуық компания қатысты. Eurasian Book Fair – 2017 жәрмеңкесі аясында біздің университеттің профессор-оқытушылар құрамы белсенді түрде қатысқан 50-ге жуық іс-шара өтті.

  Атап айтқанда, Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» кітабының (автордың 75-жылдығына арналған («Фолиант» баспасы шығарған) екінші басылымының, Сейдахмет Құттықадамның «Служение нации. 10 мировых примеров управления государством», «Дао Алтая. Исток мировой цивилизации» («Книжный клуб» баспасы), Қойшығара Салғараұлының «Түріктер» («Фолиант» баспасы), Дәулеткерей Кәпұлының «Терісбұрау» («Фолиант» баспасы) кітаптарының тұсаукесері өткізілді. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ шараның ұйымдастырушыларының «Фолиант» баспасының шақыртуымен кітап көрме-жәрмеңкесіне қатысты. Университеттің Ғылыми кітапханасы өзінің қорынан ЖОО ғалымдарының еңбектері экспозициясын ұсынды.

  Көрменің концепциясына сәйкес Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдарының «Мәдени мұра» бағдарламасы, әлеуметтік-маңызды әдебиет мемлекеттік бағдарламасы бойынша шыққан, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік баспалардан басылып шыққан еңбектері ұсынылды. Атап айтқанда монографиялар, шығармалар жинағы және Ақселеу Сейдімбектің, Рымғали Нұрғалидың, Сейіт Қасқабасовтың, Тұрсын Жұртбайдың, Ерлан Сыдықовтың, Намазалы Омашетің, Ғарифолла Есімнің, Болат Көмековтің, Жамбыл Артықбаевтың, Дихан Қамзабекұлының, Сұлтанхан Аққұлұлының және басқалардың еңбектері болды. Сонымен қатар (2015-2017 жж.) ЕҰУ баспасынан шыққан ғылыми конференция материалдары, оқу және оқу-әдістемелік әдебиеттер ұсынылды. Барлығы 400-ге жуық кітап көрсетілді. Көрмеде монитор орнатылып, университет туралы видеороликтер көрсетілді. Көрмеге келушілерге «Мәңгі ел» журналы және университет газеті берілді. Ақселеу Сейдімбектің, Мырзатай Жолдасбековтің, Сейіт Қасқабасовтың, Қаржаубай Сартқожаның, Жабайхан Әбділдиннің, университеттің 20-жылдығына арналған ЕҰУ ғалымдарының еңбектері мерейтойлық басылымы, Әлихан Бөкейханның 150-жылдығына арналған 15-томдық шығармалар жинағы келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ университет баспасынан шыққан лингвистика, юриспруденция, философия, саясаттану бойынша оқулықтар мен оқу құралдарына қызығушылық ерекше болды. ЕҰУ ғалымдарының еңбектері көрмесін ҚР-ның мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова бастаған делегация келіп тамашалады. 4 күн аралығында көрмені атақты саясат және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, оқытушылар, студенттер, магистранттар, кітапханашылар мен жастар келіп көрді.

ЖШС «Книжный клуб» баспасы (Алматы қаласы), «Техносфера» баспасы (Москва, Россия), Тюмень мемлекеттік университетінің баспалары (Тюмень, Россия) Ғылыми кітапхана қорына кітап басылымдарын сыйға тартты. Барлығы 40-қа жуық кітап. Сыйға берілген кітаптар өңделіп, электрондық каталогта көрсетіліп, оқырмандарға ұсынылатын болады. Көрмеге қатысу нәтижесінде университетке Eurasian Book Fair – 2017 кітап көрме-жәрмеңкесінің ұйымдастырушыларының атынан Диплом табысталды.